Оңтүстік Корея коронавирус инфекциясы көп тіркелген елдердің қатарында болғандықтан, бірінші «А» санатына қосылуы мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова брифинг кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінен бастап Оңтүстік Кореяны 1 «А» санатына қосу жоспарда. Ресми растауды күтіп отырмыз. Бұл эпидемиологиялық жағдайға, яғни коронавирустың үнемі жаңа жағдайлары тіркелуіне байланысты (Оңтүстік Кореяда). Әр минут, сағат сайын мониторинг жүргізіліп отыр», - деді Әсел Қалықова.
Оның айтуынша, егер Оңтүстік Корея бірінші «Б» -дан бірінші «А» санатына ауысса, тиісті профилактикалық шаралар қолданылады.
Бүгінгі таңда 1 А санатында Қытай мен Иран бар. Бұл елдерден келгендер 14 күнге карантинге оқшауланады. Содан кейін, тағы 10 күн дәрігерлердің бақылауында болады.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдабаевтың айтуынша, карантин коронавирустың алдын алу үшін қажет.
«Карантин қауіпсіздік үшін керек. Бүгінгі күні карантинге жатқызылған және қауіпті аймақтан келгендердің арасында коронавирус инфекциясы анықталған жоқ», - деді ол.
Айта кетейік, қазіргі уақытта әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 90 893 адам және одан 3110 адам қайтыс болды.
Соңғы екі тәулікте Қытайдан тысқары жерде тіркелген 1848 науқастың 80%-ы үш елге тиесілі: Иран, Италия және Оңтүстік Корея.