26 қаң, 2024 сағат 16:03

Оңтүстік Корея қазақстандықтарды жұмысқа алады: егжей-тегжейі белгілі болды

Фото: depositphotos.com / VictorJiang

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасы Асқарбек Ертаев қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяға табыс табуға қашан және қалай бара алатыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

ОКҚ-да өткен брифингте Ертаев министрлік қазір кореялық тараппен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Алдын ала белгілі болған мәлімет бойынша, Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяға барар алдында дайындықтан өтуі керек.

"Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тестілеу орталығының базасында тестілеу орталығын құру жоспарланған, бұл оқу орны қажетті материалдық-техникалық база, оқу кабинеттері, 500 орындық заманауи компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. Қазақстандықтарды оқытуды Қонаевтағы көпсалалы колледж базасында өткізу жоспарланып отыр, яғни Оңтүстік Кореяға кетер алдында дайындық жүргізіледі", - деп түсіндірді Ертаев.

Шенеуніктің айтуынша, колледж аумағында білім алушылардың тұруы үшін арнайы жабдықталған үй-жай орналасқан. Талаптардың бірі - медициналық тексеруден өту. Ол Қонаев ауруханасында өтеді.

Бұл жобаны жүзеге асыру азаматтарымыздың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау кепілдігімен Оңтүстік Кореяда үш жылға дейін заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

"Біз өз ұсыныстарымызды Корея Республикасына жібердік. Келесі аптада техникалық келіссөздер өтеді. Жалпы алгоритм мынадай: біздің ұсыныстарымызды Кореяның мүдделі органдары қарайды, осыдан кейін бұл олардың рәсімі бойынша жалпы қарауға шығарылады және Қазақстан еңбекшілерді Корея Республикасына экспорттайтын елдердің тізбесіне енгізілуі тиіс. Бүгінде бұл жүйеге барлығы 16 ел қосылған, біз тілек білдірдік, басқалары да. Бір жыл ішінде бұл мәселе шешілуі керек деп есептейік. Нақты мерзімдерді атай алмаймын, мұны корей тарапы шешеді, бірақ бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр және министрліктің ерекше бақылауында", - деп толықтырды Асқарбек Ерсаев.