12 нау, 2020 сағат 18:13

Өңірлердегі жағдай бақылауға алынған - Асқар Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған республикалық Шұғыл әрекет ету штабының екінші отырысы селекторлық режимде өтті. Бұл жөнінде primeminister.kz хабарлады.

Ақша-несие саясатын іске асыру бойынша алдағы шаралары туралы Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру туралы Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, өнеркәсіп саласындағы және еңбек нарығындағы жағдай туралы Премьер-Министрдің орынбасарлары Р. Скляр мен Е. Тоғжанов баяндады. Сондай-ақ сыртқы істер министрі М. Тілеуберді, сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов және республикалық Шұғыл әрекет ету штабының басқа да мүшелері ақпаратпен бөлісті. 

Отырысқа қатысушылар отандық кәсіпорындарды қолдау бойынша қабылданып жатқан шараларды, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен өңірлердегі қазіргі жағдайды талқылады.

Республикалық Шұғыл әрекет ету штабының мүшелері, сондай-ақ барлық өңірлердің басшылары «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметовтің кәсіпкерлік әлеуетті дамыту және халықтың табысын арттыру мақсатында жүргізілген өңірлердің скринингінің қорытындысы туралы баяндамасын тыңдады. 

«Біз өңірлерде бизнесті дамытуға үлкен резервтің барын көріп отырмыз. Әкімдіктер импортты алмастыру жұмысына барынша тартылуы тиіс. Жүргізілген скринингтің нәтижелерін ескере отырып, өңірлердің кәсіпкерлік әлеуетін дамыту үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет. Ол үшін «Атамекен» ҰКП алаңында қажетті жұмыстарды ұйымдастыру керек», — деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы «қарапайым заттар экономикасы» салаларын жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын, Бизнестің жол картасын, «Еңбек» және басқа да бағдарламаларды іске асыру аясында инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін қосымша ресурс бөлу жоспарланғанын атап айтты. 

Премьер-Министр өңірлердегі жағдай туралы облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тыңдады. 

«Жалпы, өңірлердегі жағдай бақылауға алынған», - деді А. Мамин.