01 нау, 2021 сағат 09:49

Өңірлерде ана өлімі азаймай тұр

Өңірлерде ана өлімі азаймай тұр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өңірлерде ана өлімі азаймай отыр. Өйткені, босандыратын маман тапшы, медициналық техникамен толық жабдықталмаған, мамандардың біліктілігі жеткіліксіз, шалғай аудандардағы жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету логистикасы пысықталмаған. Облыстық клиникалардың аудандық ұйымдармен курациясы нашар, сондай-ақ кадрлар жаппай жеке клиникаларға кетуде. Нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші 1 мың тірі туғанға шаққанда 7,79-ды құрады, нысаналы мәні 10,1. Көрсеткішке қол жеткізілді»,- деді Марат Шоранов министрліктің кеңейтілген алқа отырысында. 

Оның айтуынша, 2020 жылы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтар 31,6 пайызды құрады. Барлық өңірде жетістік байқалады. АИТВ-мен ауыратын адамдарды антиретровирустық терапиямен қамту жоспары республика бойынша 71 пайызды құрайды. Көрсеткіш 73 пайызға орындалды. 

Сонымен қатар бірінші вице-министр жол-көлік оқиғалары салдарынан өлім-жітім деңгейі республика бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 10,6 құрайтындығын айтты. Осы көрсеткіш бойынша Ақмола облысын қоспағанда, өзге өңірлерде оң өзгеріс байқалады. 

Республика бойынша туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 35,7-ні құрады. Өңірлер мақсатты көрсеткішке қол жеткізді. 

«Коронавирус инфекциясымен байланысты шектеу іс-шаралары осы көрсеткіштердің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті», - деді ол.