Кез келген өнер ордасының тарихы ғимараттан емес, сол шаңырақтың іргесін бекітіп, алғашқы күннен бастап оның тыныс-тіршілігін қалыптастырған адамдардан басталады. Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры 2016 жылы есігін айқара ашқан сәттен бастап ұлттық өнерді дәріптеуді басты мұрат етті. Сол күннен бері бұл театрдың қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқан ардагер қызметкерлер бар.
Олар — театрдың әр қойылымының, әрбір мәдени шараның мінсіз өтуіне жауапты болған жандар. Қиындыққа мойымай, жаңадан құрылған ұжыммен бірге театрдың бағыт-бағдарын айқындап, оны бүгінгі деңгейіне жеткізуге үлес қосқан тәжірибелі мамандар.
Кино саласына арналған ғұмыр
Дөңгелектердің дүбірі… Ұлы Сарыарқаның шексіз даласын бойлай пойыз жүйткіп келеді. Болашаққа қарай асыққан сол пойызда жас жігіт бар — киноинженер дипломын енді ғана алған ол Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінің жолдамасымен жұмысқа аттануда. Дөңгелек соғысына үндесе оның жүрегі де дүрсіл қағады. Ол Қазақстанның ең көрікті қалаларының бірі — Іле Алатауының баурайында орналасқан Алматы қаласына бет алған.
Жас жігіт ол кезде бұл қаланың жүрегін мәңгілікке баурап алып, өмірінің ең бақытты, жарқын, мазмұнды жылдарын осында өткізетінін әлі білмеген еді. Жиырма екі жастағы жігіт «Арман» кинотеатрының табалдырығын аттаған сәттен бастап, ол көрермендерге кино қызметін көрсету ісіне қырық жылдан астам ғұмырын арнайды. Бұл — Владимир Долгов.
Фото: Владимир Долгов
Владимир Сергеевич РКФСР-дың Тамбов облыстық қаласында жұмысшы мен үй шаруасындағы ананың отбасында 1952 жылы дүниеге келген. Оны әкесі Сергей мен анасы Александра тәрбиелеп өсірді. Мектепті бітірген соң Ленинград киноинженерлер институтына оқуға түсіп, киноинженер мамандығын игерді. Еңбек жолын Алматы қаласындағы екі залды «Арман» кинотеатрында техникалық жетекші қызметінен бастады. Бұл өткен ғасырдың алыста қалған 70-жылдары еді…
«Арман» кинотеатрының техникалық жетекшісі қызметіне кіріспес бұрын, Владимир бүкіл кинематографиялық үдерісті — киностудиядан бастап кинопрокатқа дейін — өз көзімен көріп, терең түсінуді мақсат етті. Кино саласының әрбір буынында ол технологияның қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, кино өнеріне өмірін арнаған қызықты жандармен танысты. Олардың қатарында қазақ киносының аңыз тұлғалары — КСРО халық әртістері Шәкен Айманов, Фарида Шәріпова, Идрис Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Қазақ КСР халық әртістері Әмина Өмірзақова, Нұрмұхан Жантөрин бар еді.
Владимир Сергеевичтің көпжылдық кәсіби қызметі Алматы қаласының кино және мәдениет саласының дамуымен тығыз байланысты. 1976–1987 жылдары ол «Арман» кинотеатрында аға инженер қызметін атқарды.
1987–1995 жылдары Алматы қалалық кинофикация басқармасының бас инженері болды. 1995 жылдан бастап оның еңбек жолы басқарушылық қызметтермен жалғасты. Ол: 1995–1997 жж. — «Арман» кинофестиваль орталығы («Қазақкинофест» АҚ) директоры. 1997–1998 жж. — Алматы қалалық киновидео қызметі басқармасының бас инженері. 1998–1999 жж. — аталған басқарманың басшысы. 1999–2003 жж. — Алматы қаласы әкімінің «Киновидеообслуживание» коммуналдық қазыналық кәсіпорнының басшысы. 2003–2008 жж. — Алматы қаласы мәдениет басқармасы және департаментіне қарасты «Киновидеообслуживание» кәсіпорнының директоры. 2008–2011 жж. — аталған мекеменің директоры қызметін жалғастырды. 2012–2014 жж. — Алматы қаласы мәдениет басқармасына қарасты «Алматыкино» мекемесінің директоры. 2014–2016 жж. — «Насихат» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры.
2016 жылдан бастап Владимир Сергеевич Алматы қаласы мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрымен тығыз байланысты еңбек етіп келеді. Ол әр жылдары киноқызмет көрсету бөлімінің жетекшісі, есту қабілеті бұзылғандар мәдениет үйінің ғимаратын пайдалану жөніндегі инженері, көру және есту қабілеті бұзылған азаматтардың мәдени бос уақытын ұйымдастыру бөлімінің маманы қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта да осы салада еңбек етуде.
Владимир Сергеевич Долгов өз қызметіне шығармашылықпен қарайтын, жауапкершілігі жоғары, тәртіпті, сауатты әрі білікті маман ретінде танылған. Оның басшылығымен Алматы қаласының кинотеатрларында автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп, кино көрсетілім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар рационализаторлық ұсыныстар енгізілді. Қазақстанда алғаш рет СТЕРЕОКИНО стереоскопиялық жабдықтары мен DOLBY STEREO дыбыс жүйелері орнатылды.
Ол өз білімін әрдайым әріптестерімен, соның ішінде жеке кинотеатр мамандарымен де бөлісіп келеді. Владимир Сергеевичтің тәлімінен өткен бірнеше буын шәкірттер бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі кинотеатрларда табысты еңбек етуде.
Алматы қаласындағы Политехникалық колледждің өтініші бойынша жыл сайын кино-видео-аудио-визуалдық техника бөлімінің мемлекеттік бітіру емтихандарының мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы ретінде қатысады. Владимир Сергеевич Алматы қалалық Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссиясының мүшесі. 2008 жылдан бастап Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. Көпжылдық адал еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Жарлықтарымен: «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.
Адал еңбек пен рухани қызметтің үлгісі
Қазақ өнерінде өз тағдырын сахнамен, камерамен және көрермен жүрегімен мәңгілікке байланыстырған жандар бар. Солардың бірі — актер, өнер қайраткері Ғазизхан Ибырайханұлы Әділханов.
Ол 1959 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданына қарасты қасиетті Шілікті ауылында дүниеге келді. Табиғаты тұмса, тарихы терең бұл өңір талай дарынды перзентті түлеткен. Ғазизхан Ибырайханұлының бойындағы өнерге деген ынта мен рухани тереңдік те сол туған топырақтан бастау алғандай.
Фото: Ғазизхан Әділханов
Мектеп қабырғасын тәмамдаған соң ауылда еңбек етіп, өмірдің алғашқы сабақтарын тәжірибеден үйренді. Ал 1979 жылы ол өнер жолын саналы түрде таңдады. Алматы қаласындағы Эстрада және цирк өнері студиясына оқуға түсіп, 1981 жылы оны ойдағыдай аяқтады. Бұл кезең оның сахналық шеберлігінің іргетасын қалаған жылдар болды.
Жас өнерпаз Қазақстан Республикасының халық әртісі Гүлжихан Ғаливадан тәлім алып, оның шәкірті атанды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыс Ғазизхан Әділхановтың актерлік болмысының қалыптасуына айрықша ықпал етті.
1981 жылы ол Алматы мемлекеттік театр институтына оқуға түсіп, 1986 жылы актерлік мамандық бойынша жоғары білім алды. Оқу барысында қазақ сахна өнерінің алып тұлғалары — Кәукен Кенжетаев, Торғын Тасыбекова, Есім Сегізбаев, Мәриям Жақсымбетова сынды халық әртістерінің шеберханасынан өтіп, кәсіби шыңдалу мектебінен өтті.
Ғазизхан Ибырайханұлының шығармашылық жолы кең әрі сан қырлы. Ол ұзақ жылдар бойы Жетісай музыкалық театрында, «Қазақфильм» киностудиясында жемісті еңбек етті. Сонымен қатар «Қазақстан», «Хабар», «Алматы», «Хит ТВ» телеарналарында қызмет атқарып, көрерменге сан алуан образдарымен танылды. Театр, кино және тележурналистика салаларындағы бұл тәжірибе оның актерлік диапазонын кеңейтіп, кәсіби беделін арттырды.
2016 жылдан бастап Ғазизхан Әділханов Алматы қаласы мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театры жанындағы Көру және есту мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәдени демалысын ұйымдастыру бөлімінің өнерпаздарынан құралған «Атамұра» ұлт-аспаптар ансамблі, «Армандастар», «Ән-жүрек», «Дос» вокалды-аспапты ансамбльдері негізінде шығармашылық бағытта жұмыс жасап келеді.
Өнерге сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Қазақ өнерінің қайраткері», «Мәдениет қайраткері» атақтарының, сондай-ақ «Еңбек даңқы», «Батырлар шапағаты», «Азия сұлтаны» медальдарының иегері. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Ғазизхан Ибырайханұлы Әділханов — өнерді тек кәсіп емес, өмірлік мұрат деп түсінген тұлға. Оның сахнадағы әрбір бейнесінен өмірге деген құрмет, ұлттық рух пен көрерменге деген адалдық сезіледі. Осындай жандардың арқасында қазақ өнері өз биігінен түспей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Еңбек пен есептің әділетін ұстанған тұлға – Айгүл Мырзағазықызы
Адам баласының қоғамдағы орны тек атақпен не даңқпен емес, адал еңбегімен, мінез-құлқымен, ұстанған жолымен өлшенбек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегенді өмірлік қағида еткен жандар бар. Солардың бірі — «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қалыптасуы мен дамуына үнсіз болса да өлшеусіз үлес қосқан, есеп пен әділеттің таразысын тең ұстаған Бекмұхамедова Айгүл Мырзағазықызы.
Фото: Айгүл Бекмұхамедова
Айгүл Мырзағазықызы 1967 жылы Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Семиозёрное ауылында дүниеге келіп, жас күнінен-ақ білімге құштарлығымен көзге түсті. Алматы қаласындағы Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін тәмамдауы — оның талап пен тәртіпке ерте бой үйреткенін аңғартса керек. Кейін Қазақ мемлекеттік басқару академиясында жоғары білім алып, экономист мамандығын иеленуі — өмір жолын саналы түрде таңдағанының дәлелі.Бухгалтерлік есеп — көзге көрінбейтін, бірақ мемлекеттің де, мекеменің де тірегі. Айгүл Мырзағазықызы осы салада 1988 жылдан бері табан аудармай қызмет етіп келеді. Мемлекеттік те, коммерциялық та ұйымдарда шыңдалып, 2002 жылдан бастап Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты мекемелерде бас бухгалтер қызметін абыроймен атқарды. Ал 2016 жылдан бері «Алатау» дәстүрлі өнер театрында бас бухгалтер, есеп пен жоспарлау бөлімінің жетекшісі ретінде еңбек етіп келеді.
Театр — рухтың ордасы. Ал сол рухани орданың қаржылық тәртібі мен тұрақтылығы — есепшінің әділдігі мен тиянақтылығына байланысты. Айгүл Мырзағазықызы өз ісінде дәлдік пен жауапкершілікті серік етіп, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырды. Салық, бухгалтерлік есеп, МСФО, мемлекеттік және электрондық сатып алулар саласындағы білімін тереңдетіп, кәсіби бухгалтер сертификатына ие болуы — соның айғағы.
Абай айтқан «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген өлшем бар. Айгүл Мырзағазықызының болмысы осы үш қасиеттің үйлесімін танытады: ақылы — есепте, қайраты — еңбекте, жүрегі — адалдықта. Ұжым арасында беделді, ісіне мығым, сөзіне берік, ұжданын биік ұстап, қызметін таза атқарған маман ретінде танылған.
Отбасы — адамға берілген аманат. Ол — жары, төрт баланың анасы. Қызмет пен отбасыны тең ұстау — екінің біріне бұйыра бермейтін қасиет.
2026 жылы «Алатау» дәстүрлі өнер театрына 10 жыл толғалы отыр. Осы он жылға жуық уақыт ішінде театрдың қаржылық негізінің берік қалануына, есеп-қисабының әділ жүргізілуіне үлес қосқан Айгүл Мырзағазықызы — еңбегімен елге сыйлы, қызметімен құрметті тұлға. Мұндай жандар жай ғана қызметкер емес, мекеменің ішкі тірегі, тыныш еңбектің иесі.
Сахнаға адал, өнерге жауапты тұлға – Нәсіпжан Бейбітұлы
Өнер — ойын-күлкі үшін ғана емес, елдің рухын тәрбиелейтін, сананы сергек ұстайтын қасиетті жол. Сол жолда маңдай терін аямай, сөздің салмағын, сахнаның жауапкершілігін терең сезініп қызмет еткен азаматтар болады. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының он жылдық тарихында сондай тұлғалардың бірі — Басшыбай Нәсіпжан Бейбітұлы.
Фото: Нәсіпжан Басшыбай
Нәсіпжан Бейбітұлы 1979 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданы, Балатопар ауылында дүниеге келді. Жастайынан өнерге жақын болып, сөз қадірін, сахна мәдениетін ерте таныды. Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясында «Сөз сөйлеу» жанрының актері мамандығын меңгеруі — оның өнер жолын саналы түрде таңдағанын көрсетеді. Бұл — тілге ғана емес, ойға, мінезге, адам болмысына жауап беретін күрделі сала.
Еңбек жолын Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрынан бастаған ол, кейін телерадио кеңістігінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. «Хабар», «Шахар», «Алматы» телеарналары мен Қазақ радиосындағы жүргізушілік, дубляж саласындағы қызметі — оның сөзге ұқыпты, тыңдарманға жауапты өнер иесі екенін танытты. Қазақконцерт сахнасында ұзақ жылдар бойы жүргізуші болуы — кәсіби сенімнің белгісі.
2017 жылдан бастап Нәсіпжан Бейбітұлы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актерлік құрамына қабылданып, театрдың шығармашылық тынысын қалыптастыруға белсене араласты. Ол сомдаған Құнанбай, Мұқағали, Көтібар, Шығайбай сынды бейнелер — жай рөл емес, тарих пен халық жадындағы тұлғалардың көркем бейнесі еді. Әр кейіпкер арқылы ол көрерменге ой тастап, сөздің салмағын сезіндіре білді.
Өнер жолы — тек таланттың ғана емес, мінез бен жауапкершіліктің таразысы. Әл-Фараби «Адамға ең әуелі тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деп ескерткен. Нәсіпжан Бейбітұлы үшін сахна — жай ғана өнер көрсететін орын емес, адамды тәрбиелейтін рухани мектеп. Ал театр — сол тәрбиенің ордасы.
Ол актер ретінде әр рөлге жан бітіріп қана қоймай, сахна әдебін, сөз мәдениетін, көрермен алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білді. Сондықтан да оның шығармашылық жолы бірте-бірте ұжымның ортақ мүддесіне қызмет ету деңгейіне ұласты. Нәсіпжан Бейбітұлы театрдың ішкі тынысын, актерлік құрамның әлеуетін, көркемдік бағыттың маңызын жақсы түсінетін азамат ретінде танылды.
Осы сенімнің нәтижесінде ол «Алатау» дәстүрлі өнер театрында алдымен көркемдік жетекші, кейін директордың шығармашылық мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл — оның өнерге адалдығы мен адамдық жауапкершілігінің заңды жалғасы еді.
Бұл — кездейсоқ көтерілген мансап емес, жылдар бойғы еңбектің, сенім мен тәжірибенің жемісі. Театрдың идеялық бағытына, репертуарлық сапасына, актерлік құрамның шығармашылық өсуіне ықпал етіп жүрген Нәсіпжан Бейбітұлы бүгінгі күні «Алатау» театрының тірек тұлғаларының бірі.
2026 жылы он жылдық белесін атап өткелі отырған «Алатау» дәстүрлі өнер театры үшін Нәсіпжан Бейбітұлы — осы шаңырақта он жылға жуық уақыт бойы табандылықпен еңбек етіп, сахнадан басшылық деңгейіне дейін өскен, өнерге адал, жауапкершілікті азамат. Мұндай жандар театр тарихында әрдайым құрметпен аталмақ.
Өнерге қызмет ету — өзіңе емес, елге қызмет ету. Ал ел үшін еткен еңбек — ешқашан елеусіз қалмайды.
Фотолар: “Алатау” дәстүрлі өнер театрының баспасөз қызметінен
