15 мау, 2021 сағат 19:21

Он жылға сотталған мас жүргізуші жәбірленушіге 10 млн теңге моральдық шығын төлейді


Алматы облысында 4 оқушы қызды көлігімен қаққан мас жүргізуші жәбірленушінің біріне 10 миллион теңге төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сотталушы Демесінов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болады. Жәбірленуші Садирова моральдық зиянды өндіру туралы талап арыз беріп отыр. Оның талап-арызы толығымен қанағаттандырылып, сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 10 млн теңге моральдық зиян өндіріледі», - деді сотталушыға үкімді шығарған Еңбекшіқазақ ауданындық сотының судьясы Айнұр Балтақай. 

Сондай-ақ судья 10 жылға бас бостандығынан айырылған сотталушыны өмір бойы көлік басқару құқығынан айырды. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Еңбекшіқазақ ауданының №2 аудандық соты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша А.Демесіновке қатысты қылмыстық істі қарады. 

«Прокурор сот жарыссөзінде сотталушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер де қатаң жаза беруді өтінді. Сотталушыда қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай анықталмады. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігінің санкциясы 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығын айыру түріндегі жазаны қарастырады. 10 жылға соттау - максималды жаза. Аталған мән-жайдың бәрін ескере отырып, сот Демесіновке ең қатаң жаза – 10 жыл бас бостандығын айыруды тағайындап, өмір бойына автокөлік жүргізу құқығынан айырды. Сонымен қоса, сот қайғылы оқиғаның орын алуына жол берген жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарына қатысты жеке қаулы шығарды» делінген Еңбекшіқазақ ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметі жариялаған хабарламада. 

Естеріңізге сала кетейік, 2 наурыз сағат 18:40 шамасында Еңбекшіқазақ ауданының Қорам ауылында мектептен қайтып келе жатқан 4 оқушыны көлік қағып кеткен еді.

«Уаз» автокөлігі жол жиегінде тұрған 10 жасар екі және 9 жастағы екі қызды қақты. Артынша Қорам ауылының 54 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол көлікті мас күйінде жүргізген.

Әртүрлі дене жарақатын алған үш бала ауруханаға түсті. 14 наурыз күні бірінші оқушы, 4 сәуір күні екінші оқушы есін жимастан көз жұмды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас жүргізушіге қатысты тергеуді өз бақылауына алғаны хабарланған болатын.