Отандық экономист Олжас Құдайбергенов Қазақстанда басшылық қызметке таныстық арқылы тағайындау мен ірі бизнес өкілдерінің лайықсыз жолмен баюын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Адамдардың адал еңбексіз, лайықсыз жолмен бизнес империясының басшысы болған кездер келмеске кетуі керек. Сондай-ақ, өзінің маржасын ұстап қалып, құнын арттыратын паразит делдалдық құрылымдарды жойған жөн. Және жекеменшік монополиялар да кетуі керек. Ірі бизнес білім берумен ұзақ мерзімді негізде айналысуы қажет. Яғни, университеттермен өзара ынтымақтастыққа келуден бастап оларға толық қамқорлық көрсетуге дейін. Бұл оқу орындарын өзінің бизнес холдингіне қосу арқылы емес, белсенді демеушілік көрсету форматында болады деп үміттенемін», - деді Олжас Құдайбергенов.
Экономистің болжауынша, ендігі уақытта «Болашақ» бағдарламасында техникалық мамандықтарға басымдық берілмек.
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры заңды тұлға ретінде қалуы мүмкін, бірақ оның функционалдық мүмкіндіктері айтарлықтай азаяды. Ал басшылығы өзгереді. Басшылық қызметке таныстық арқылы тағайындау, директорлар кеңесінің формалды құрамын жасақтау, тағы сол сияқтылар - өткен күннің тәжірибесі. Жалпы, әділетсіздік, бейберекетсіздік пен дандайсудың заманы аяқталды. Құдай қаласа, мемлекеттік басқару жүйесіне зерделі әрі өз орнына лайықты мамандар келген кезде, біртіндеп кадрлардың дұрыс кубик-рубигі қалыптасады», - дейді ол.