Сурет: freepik
OLX.kz агрегаторынан есірткі сатушыларды жалдау туралы үш мың “жасырын” хабарландыру өшірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, интернеттің дамуымен бірге компьютерлік қылмыстар, соның ішінде есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстар белең ала бастаған.
Әлеуметтік желілер мен интернет-сервистерде курьерлік жұмыс ұсынып немесе жалдамалы жұмысшылар қызметін қажет ететін хабарландырулардың артында кей жағдайда есірткі бизнесі тұратыны белгілі. Мұндай хабарландырулардың құрбаны ересек азаматтар ғана емес, кәмелетке толмағандар да болуы мүмкін.
"Есірткі жасырушыларды жалдау туралы жарнамаларды анықтау үшін ведомство ең ірі хабарландыру сервистерінің бірі OLX-пен тікелей жұмыс істейді.
Жыл басынан бері ІІМ бастамасы бойынша компания полиция мен сервис қызметкерлері анықтаған үш мыңнан астам “жасырын” хабарландыруды алып тастады. Олардың артында есірткі жасырушыларды жұмысқа тарту ұсынысы болған.
ІІМ мемлекеттік органдардың, “OLX Group” өкілдерінің және еріктілердің қатысуымен арнайы чат құрды, онда күдікті хабарландыруларға сілтемелер жіберіліп отырады, жан-жақты тексеруден кейін расталған жағдайда олар дереу жойылады", – деп түсіндірді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.
Фото: Polisia.kz
Ведомство мәліметінше, полиция хабарландыру агрегаторларын бақылаудан басқа, есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын сайттарды, жазбаларды, блогтарды және жарнамаларды анықтау үшін интернет кеңістігіне мониторинг жүргізеді.
Жыл басынан бері осындай 2700-ден астам интернет-ресурс анықталған. Олар туралы ақпарат бұғаттау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілген.
Ішкі істер министрлігі интернет-ресурстарды пайдалана отырып жасалған есірткі қылмыстары аса ауыр қылмыстар санатына жататынын ескертеді, олар үшін жаза мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.