16 шіл, 2024 сағат 10:49

Олимпиаданы тұңғыш рет еліміздің бес бірдей телеарнасы көрсетеді

Фото: Pexels

Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарын биыл алғаш рет еліміздің бес бірдей телеарнасы көрсетеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Кazinform порталына сілтеме жасап.

ҚР Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріптің айтуынша, биылғы, яғни Париж-2024 Олимпиада ойындарын тұңғыш рет еліміздің бес бірдей телеарнасы тікелей эфирде көрсеткелі отыр. Ол — Qazaqstan, Qazsport, "Хабар", "Ел арна" және Jibek Joly телеарналары.

"Осы аталған бес арна ойынның ресми ашылу салтанатын бірдей уақытта тікелей эфирде көрсетеді. Ал ойын басталғаннан кейін әр арна жарысты спорт түріне қарай әртүрлі уақытта тікелей көрсете бастайды. Қай арна қай бәсекені көрсететінін өзара бөлісіп алған. Бірақ соның ішінде жарыстың басым бөлігін Qazsport телеарнасынан тамашалай аласыздар. Себебі ол — арнайы мамандандырылған спорт арнасы", - деді министрдің кеңесшісі.


Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыз соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 80 жолдама жеңіп алды.

Нақтырақ айтсақ, олар бокс, дзюдо, спортттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннис, велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен Олимпиада ойындарында сынға түседі.

Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығына белгіленген.  

Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады. 

Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.