Фото: Reuters
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылының ұзақтығына қатысты мәселе бір аптаның ішінде шешілетінін мәлімдеді, хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл мектеп оқушыларының оқу жылы ұзартылған болатын. Бірақ көбісі оқулықтарын ерте тапсырды, ал ата-аналар өз наразылығын білдірді. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде сарапшылар осы мәселені талқылауға кірісті.
“Сарапшылар екіге бөлініп отыр. Біреулер 34 аптаны қолдаса, басқалары 36 апта болуы керек дейді. Мен өзім екі жақпен де кездестім. Бірақ шешім алдымен оқушылар үшін ыңғайлы болуы керек. Сондықтан мен екі жақ сарапшылар бірігіп, барлығына ортақ бір шешімге келсін деген тапсырма бердім”, - деді Бейсембаев Үкіметте өткен брифингте.
Министрдің сөзіне қарағанда, осы аптада сарапшылар ортақ шешімге келуі керек. Ал ата-аналар талқылауға қатыса алмайды.
“Иә, ата-аналар да бәрін біліп отыруы керек. Бірақ қазақта бір сөз бар ғой, “Шымшық сойса да, қасапшы сойсын” деген. Шешімді сарапшылар қабылдауы тиіс”, - деп атап көрсетті министр.