ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы сарапшысы Нұршай Әзімбаева балалар арасында КВИ-дің таралуы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ресми мониторинг деректеріне сәйкес, қазіргі кезде оқушылар арасында тіркелген коронавирус жағдайының саны 2583-ке жетті. Ол офлайн түрде оқитын балалар арасында. Сондай-ақ онлайн (қашықтан) оқитындар арасында 6089 коронавирус инфекциясының жағдайы тіркелді. Бұл мәлімет 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін тіркелген деректер», - деп нақтылады Н. Әзімбаева Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы вакциналау науқанына қатысты түсінік берді.
Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасып жатыр. Қазіргі кезде бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен вакциналау басталып, 2 137 адамға екпе жасалды, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.
Сонымен қатар Қазақстанда 65 жастан асқан адамдарды вакцинациялауға рұқсат етілді.