Израиль Украинаға Иранның "Шахид-136" камикадзе-дронын атып құлатуға керекті барлау мәліметтерін берген. Мұны жазған The New York Times газеті Украинаның аты аталмаған шенеунігіне сүйенген, деп хабарлайды Азаттық.
Шенеунік басылыммен әңгіме кезінде Израиль Иран дрондарын көздеуге пайдалы мәліметтер бергенін айтқан. Израиль де, Украина да бұл жөнінде ресми ақпарат таратпаған.
Өткен аптада Украина билігі Израильден байырғы қарсыласы Иран дрондарын жоятын әуе қорғанысы жүйесін сұраған. Израиль қорғаныс министрі Бенни Ганц бас тартқанымен, әуе шабуылын алдына ала ескертетін құрал жеткізуге уәде берген.
Британияда орналасқан, "Адам құқығына мониторинг жасайтын Сирия орталығы" Израиль 21 қазанда Сирияға соққы жасап, Иран дрондары шығатын цехты жойғанын хабарлаған. Алайда мұны растайтын тәуелсіз ақпарат жоқ.
Мәскеу мен Тегеран Иранның Ресейге дрон бергенін жоққа шығарып келеді. Бірақ кейінгі кездері Ресей әскері Украинада қолданып жүрген "Герань-2" дрондары шын мәнінде Иранның "Шахид-136" дрондары екені мәлім болған. Ресей бұл дрондарымен Украинаның ірі қалаларының азаматтық нысандарын атқан.
Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің барлау қызметі 24 қазанда Украина камикадзе дрондардың 85 пайызын атып түсіріп жатқанын хабарлады. Украина әскери барлау қызметінің басшысы Кирилл Буданов "Украинская правда" газетіне берген сұқбатында Ресей дрондарының 70 пайызын атып түсіру мүммікн болып тұрғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, Ресей Ираннан 1700 дрон алатын болып келіскен, оның 600-ге жуығы жеткізілген, 300-ге жуығы қазірдің өзінде қолданылған.