03 шіл, 2019 сағат 12:19

Нығматулин Мәжілістің сессиясын қорытындылады

Бүгін алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісінің төртінші сессиясының соңғы жалпы отырысы өтті. Осыған орай, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин өткен сессия жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін біз төртінші сессиядағы Мәжілістің соңғы жалпы отырысын өткізіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, бұл сессия Мәжіліс тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Осыған орай елімізге, халқымызға қажетті көптеген заңдар қабылданды, көптеген парламенттік шаралар өтті. Олардың барлығы ең алдымен Елбасының әлеуметтік-экономикалық стратегиялық міндеттерін орындауға арналды. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыруға да бағытталды. Бұл депутаттық корпустың Үкіметпен, тиісті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деуге болады», - деді Н. Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы осы сессия барысында 41 жалпы отырыс өткенін атап өтті. Бұл кезеңде палатаның қарауында 110 заң жобасы болды, оның ішінде 81-і мақұлданып, Сенатқа бағытталды. Сонымен бірге, 13 «Үкімет сағаты» мен 2 парламенттік тыңдау, 14 көшпелі отырыс және 4 халықаралық конференция ұйымдастырылды.

«Сессия аяқталып жатыр, алайда бізде сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге сапарлар жоспарланған. Осы кездесулер барысында айтылған ұсыныстарды біздің жұмыста ескеру керек», - деді Нұрлан Нығматулин.

Еске сала кетейік, Парламенттің төртінші сессиясы 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартылды.  

Атап айтқанда, маңызды шараларды іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістерді енгізу қажет болды. Осыған байланысты бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясының жұмыс мерзімі ұзартылды.