17 ақп, 2020 сағат 09:15

Нұрымбетов Қазақстанда жалақының қалай көтеріліп жатқанын айтты

Халықтың табысын арттыру — бүкіл Үкімет жұмысының басым бағыты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр өз сөзінде халықтың табысын арттыру бүкіл Үкімет жұмысының басым бағыты екенін атап өтті.

«2019 жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге – 28-ден 42,5 мың теңгеге дейін артты. Бұл шамамен 1,3 миллион адамға, оның ішінде 275 мың азаматтық қызметшіге тікелей әсер етті. Маусым айынан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға дейін ұлғайды. 1 млн-нан астам азаматтық қызметші жоғары жалақы алды. Қызметкердің орташа жалақысы 114,5 мың теңгені құрады», – деді Біржан Нұрымбетов.

Ол, сондай-ақ, 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында мәдениет және архив қызметкерлерінің, педагогтердің және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы тағы да орта есеппен 30 пайызға артқанын атап өтті.

«Сонымен қатар, 2019 жылы 205,6 мың жұмыс беруші 1,2 млн-нан астам еңбекақысы төмен қызметкердің жалақысын орта есеппен 32,7 пайызға арттыру міндетін өз мойнына алды. Жалақыны көтеру мониторингісі үнемі жүргізіледі», – деді министр.