Жеке тұлғалардың 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуының заңдылығы тексерілмейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«42 500 теңге әлеуметтік төлемі проактивті түрде тағайындалғандар еш нәрсені уайымдамау керек. Оны қайтарудың да қажет жоқ. Бүкіл жеке тұлғалар, ешқайсыңыз қайтармаңыздар, уайымдамаңыздар. Тексеру де болмайды. Тексеру болған күннің өзінде ешкім сіздердің жұмысыңыздың болғанын не болмағанын дәлелдей алмайды. Сондықтан оны қайтарудың қажеті жоқ», - деді министр.
Оның атап өтуінше, 42 500 теңгені заңсыз алып, қазіргі уақытта кері қайтарғандар туралы дерек жоқ. Себебі министрлік әлеуметтік төлемді тағайындау, төлеумен ғана айналысып жатыр.
«Барлығында бұл тақырыпты тоқтатуға шақырамын. Бірде-бір адам 42 500 теңгеге байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Бұл - әлеуметтік төлем. Тіпті қателескен күннің өзінде ешқандай жаза болмайды», - деді Біржан Нұрымбетов.