Кезекте тұрған 41 мың адамның ішінен 7 387 отбасы өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жыл сайын халықтың осал тобына жататын 10 мыңға жуық адамды сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етеміз. Бұл топқа жетім балалар, мүгедек баласы бар отбасылар және басқа да санаттар жатады», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Ол көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесіне ерекше назар аударылатынын айтты.
«Осы мақсатта 2019 жылы тұрғын үй заңнамасына түзетулер енгізілді және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді қаржыландыру тетіктері көзделген. Осы санаттар бойынша кезекте тұрған 41 мың адамның ішінен 2019 жылы 7 387 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оларды үш жылдың ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз«, - дейді ол.