25 қаң, 2022 сағат 13:10

Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болды


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тағы бір Жарлығымен Нұрлан Әбдіровтің Сенат депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды.

Сондай-ақ, бұған дейін Берік Имашев ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасы қызметінен босатылғанын хабарлаған болатынбыз.

Нұрлан Әбдіров 1961 жылғы 12 қаңтарда туған.

КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, КСРО ІІМ Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының күндізгі адъюнктурасын (Мәскеу қ.), Дж.Маршалл атындағы Қауіпсіздік мәселелерін зерделеу жөніндегі Еуропалық орталықта басшылық құрамның 4 айлық курстарын (Германия) бітірген. Заңгер-құқықтанушы. Заң ғылымдарының докторы, профессор.

1982 жылдың қыркүйегінен 1997 жылдың маусымына дейін ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде оқытушылық қызмет атқарды.

1997 жылғы маусымнан 2000 жылғы мамырға дейін — Қазақстан Республикасының Есірткіні бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының хатшысы.

2000 жылғы мамырдан 2002 жылғы қыркүйекке дейін — ҚР Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары, ҚР Әділет министрлігінің Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары.

2002 жылғы қыркүйектен 2005 жылғы маусымға дейін — Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығының мемлекеттік инспекторы, Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығы Қоғамдық және экологиялық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі, ҚР Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары.

2005 жылғы маусымнан 2009 жылғы қыркүйекке дейін — ҚР Қауіпсіздік кеңесі Хатшысының орынбасары – Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығының меңгерушісі.

2009 жылғы қыркүйектен 2020 жылғы тамызға дейін — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші, бесінші, алтыншы сайланымдарының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы.

2020 жылғы тамызда ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.

2020 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары болып сайланды.

«Парасат», «Құрмет» ордендерімен, ТМД ПАА-ның «Содружество» орденімен, медальдармен марапатталған.