20 нау, 2020 сағат 12:17

Нұр-Сұлтандағы ауруханалар мен емханалар қалай жұмыс істейді?

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордадағы медициналық ұйымдардың қалай жұмыс істейтінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 15 наурызындағы Президенттің «Қазақстан Республикасында Төтенше жағдай енгізу туралы» № 285 Жарлығына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық медициналық ұйымдарға карантин енгізілді. Яғни, ауруханаларда маскалық режім орнап, келушілерге тыйым салынды. Жедел және жоспарлы ауруханаға жатқызу жұмыстары жалғасады», - - деді басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен онлайн брифингіде. 

Бастапқы медициналық-санитарлық көмекке келсек, барлық емханалар қалыпты режімде таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін демалыс пен мереке күндері де жұмыс істейді.

Дәрігерге жазылу жалғаса береді, іштегі нәрестені ультрадыбыстық зерттеу, кардиотокография, зертханалық сараптамалар тапсыру алдын ала жазылу бойынша жоспарлы түрде жүргізіледі. 

Жоспарлы дәрігерлік консультациялар қашықтан режімге ауыстырылады. Мүгедектерге берілетін дәрілер үйлеріне дейін жеткізіледі. Балаларды вакцинациялау екпе күнтізбесі жоспарына сәйкес жүргізіледі. Жүкті әйелдер жоспарлы тәртіпте ауруханаға жатқызылады. 

Амбулаториялық-емханалық ұйымдарда шұғыл медициналық жәрдем жұмысы күшейтілді.

Бұған дейін басқарма басшысы Нұр-Сұлтанда корнавирус жұқтырғандардың басым бөлігі 30-49 жас аралығында екенін мәлімдеген еді.

Қалада тіркелген барлық 25 жағдай бойынша жақын байланыста болған 244 адам Нұр-Сұлтан мен өзге өңірлердегі ауруханаларға жатқызылды.

Сонымен бірге, алдағы екі аптада елорда тұрғындарына коронавирус инфекциясына қатысты экспресс тестілеу жүргізіледі. Еске сала кетсек, Қазақстанда қазір коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 49 адамға жетті. Алматыда – 22 адам, Қарағанды қаласында - 2 адам, Нұр-Сұлтанда - 25 адам тіркелген.