21 нау, 2020 сағат 11:28

Нұр-Сұлтанда төрт айлық нәресте коронавирус инфекциясын жұқтырды

Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова 20 наурыз күні коронавирус инфекциясы анықталған 3 науқастың жай-күйін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Төрт айлық нәрестесі бар отбасы 19 наурызда Париж-Минск-Нұр-Сұлтан рейсінен түсіріліп, ауруханаға жеткізілген. 

«Аталған бортта 73 жолаушы болған. Сол борттан осы үш адам ауруханаға жеткізілді және соның ішінде 7 адаммен жақын байланыста болғаны анықталды. Қалған 63 жолаушы үй карантиніне жатқызылды», - деді басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен онлайн-брифингте. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Алматы облысында коронавирус індетін жұқтырудың алғашқы жағдайы анықталды. 21 наурыз сағат 12.00-дегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында - 28 адам, Алматы қаласында – 22 адам, Қарағанды қаласында - 2, Алматы облысында - 1 адам, жалпы 53 науқас тіркелді.