Елордада коронавирус инфекциясына байланысты 645 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 62 бала бар. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«21 наурызда сағат 08.00-дегі жағдай бойынша елорда ауруханаларында барлығы 645 адам жатыр, оның 62-сі - балалар. Осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласында 28 адамда коронавирус инфекциясы анықталды», - деді басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен онлайн-брифингте.
Жас ерекшеліктері бойынша, 18 жасқа дейінгі екі науқас (4 айлық нәресте, 14 жастағы жасөспірім), 18-29 жас аралығында - үш науқас, 30-49 жас аралығында - 18 науқас, 50-59 жас аралығында - төрт адам және 60 жастан асқан бір науқас бар.
Бұған дейін Сәуле Қисықова 20 наурыз күні коронавирус инфекциясы анықталған 3 науқастың жай-күйін айтып берді. 4 айлық нәрестесі бар отбасы 19 наурызда Париж-Минск-Нұр-Сұлтан рейсінен түсіріліп, ауруханаға жеткізілген.