Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Нұр-Сұлтанда коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай шиеленісіп тұр. Елорданың бас мемлекеттік санитария дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, қалада аурушаңдық 9,5 есеге артқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Елордада SARS-Cov-2 вирусының тез тарауына байланысты эпидемиологиялық жағдай шиеленісіп тұр. Егер 22 маусым мен 5 шілде аралығында (екі аптада) 414 жағдай тіркелген болса, соңғы екі аптада (6 шілде мен 19 шілде аралығында) КВИ-дің 3970 жағдайы тіркелді, осылайша сырқаттанушылық деңгейі 9,5 есеге артты. Жаңа жағдайлар тәулігіне 586-ға жетті", - деді Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингте.
Санитария дәрігері эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша қала "сары" аймаққа жақындап келе жатқанын айтты.
Сархат Бейсенованың айтуынша, маусымда коронавирус жұқтырған науқастардың 30 үлгісіне молекулярлық-генетикалық зерттеу жүргізілген. "Стелс-омикрон" басым генетикалық желі болып тұр.
"Біз білетіндей, кіші түрлері бар "омикрон" штамы жоғары жұқпалы вирус ретінде сипатталады, барлық жастағы адам инфекция жұқтыруға бейім. Алайда 20-дан 30 жасқа дейінгі адамдар көбірек жұқтырады. Клиникалық белгілері: шаршау, бас ауруы және дене температурасының көтерілуі. Өкінішке қарай, вакцина алған адамдарда, сондай-ақ аурып жазылған адамдарда уақыт өте келе денені инфекциядан қорғау деңгейі төмендейді, нәтижесінде ол қайтадан инфекцияға сезімтал болады. Осыған байланысты коронавирусқа қарсы ревакцинация және вакцинацияның бастапқы курсын алғаннан кейін алты айдан соң қайта екпе алу ұсынылады. Сондай-ақ, егер ПТР-сынамасы оң болса немесе науқаспен тығыз қарым-қатынаста болсаңыз, онда ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша қашықтан жұмыс істеуге көшу керек екенін еске саламын", - деп толықтырды Сархат Бейсенова.