Нұр-Сұлтанда полиция қызметкері ауыр жарақат алған қарт адамның ауруханаға жетуіне көмектесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл Facebook әлеуметтік желісінде жазба жарияланған. Хабарламада пайдаланушы Александра Даринова өзінің әкесі 12 сәуірде ауыр жарақат алып, жедел медициналық көмекке мұқтаж болғанын айтады.
«12 сәуірде әкеміз ауыр жарақат алды. Біз қаланың сыртында тұрамыз. Өз көлігімізбен, ауыл дәрігерімен бірге Қабанбай батыр мен Қосшы бойында орналасқан алғашқы блокпостқа бардық. Олар көлікті ары қарай жібермеді. Сол жерде жедел жәрдемді күтіп қалдық. Нұр-Сұлтан қалалық арнайы батальонның аға лейтенанты Алмас Ахметовке алғыс білдіргіміз келеді. Ол өз еркімен әкемді арнайы көлікпен ауруханаға апарды. Ем шаралары біткенше күтіп, бізді арнайы көлікпен көлігіміз тұрған блокпостқа қайта жетізіп тастады», – деп жазады Александра Даринова.
Мақала авторы әлем мейірімді адамдарға толы екенін айтады.
«Мұндай қиын уақытта өзгелерге көмектесетін жанның бар екендігі көңіл қуантады. Алмас Болатұлы, бақытты болыңыз», - деп алғысын білдірді А.Даринова.
Әлеуметтік желі пайдаланушылары полиция қызметкеріне карантин кезіндегі көмегі мен адал жұмысы үшін алғыс білдірді. Елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аға лейтенант Алмас Ахметов 2015 жылдан бері полиция қызметкері. Сондай-ақ, ол жауапты және әріптестеріне сыйлы қызметкер.
«Қазіргі қиын уақытта, карантин кезінде біз полиция қызметкерлері ретінде адал жұмыс істеп қана қоймай, қиындыққа тап болған азаматтарға көмектесуіміз керек. Сондықтан көмекке зәру адамға жедел көмек көрсеттім», – дейді Алмас Ахметов.