Нұр-Сұлтан қаласында екі ер адамның бірге спирттік ішімдік ішуі пышақтасумен аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті Алматы ауданы полиция басқармасының қызметкерлері құрылыс нысанында танысымен бірге спирттік ішімдіктер ішіп отырған елорданың 32 жастағы тұрғынын ұстады. Ер адамдардың арағы таусылып, дүкеннен тағы ішімдік алмақ болған. Жолда араларында жанжал шығып, салдарынан ер адам 31 жастағы жәбірленушінің іш қуысына пышақ жарақатын салған. Жедел-іздеу шараларын өткізу кезінде полицейлер қаланың бұрын сотталған 32 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындады», - деп баяндады полицияда.
Ведомствоның мәліметінше, айғақ дәлелдер алынды. Ұсталған ер адам уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды.