Нұр-Сұлтанда бір адамға азық-түлік сату бойынша шектеу енгізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгіннен бастап елордада карантин енгізілді. Осыған байланысты барлық ірі сауда орындары жабылған. Оларда азық-түлік пен қажетті тауарларды сататын нысандардан басқа дәріханалар, банктердің кассалары қалыпты жұмыс істейді. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген нысандар қалыпты режімде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге; санитарлық және дезинфекция шараларын күшейтуге; кезекте тұрған сатып алушылардың арасында 1 метр қашықтықты қамтамасыз етуге тиіс», - деді ол.
Мұнан бөлек, оның атап өтуінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен негізгі қажетті тауарларға бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге, азық-түлік тауарларының оның ішінде көкөністер мен жемістерден басқа сусымалы тауарлар мен кептірілген жеміс-жидектерді қапталған күйінде сатуға міндетті.
«Сусымалы тауарларды яғни қант, күріш, қарақұмық сатуды бір қолға 5 келіге дейін, күнбағыс майын - 5 литрге дейін шектеуі тиіс. Қоғамдық тамақтану орындары да, атап айтқанда мейрамханалар, дәмханалар, асханалар жабылады. Сондай-ақ, олар онлайн тапсырыс беру мен жеткізу бойынша жұмыс істей алады. Карантин кезеңіндегі елорданың барлық басқа шаруашылық нысандары жұмысы тоқтатылуы тиіс. Бұл - мәжбүрлі шара. Өйткені адам денсаулығы басым болуда. Сондықтан түсіністікпен қарауыңызды сұраймын», - деді Ерлан Бекмырзаев.