Нұр-Сұлтанда азық-түлік бағасын негізсіз көтеру фактілері анықталып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің ірі сауда желілеріндегі, базарлардағы бағасына күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің көптеген фактілері анықталуда. Барлық ақпараттар монополияға қарсы органға заң бұзушылардың үстінен қатаң шара қабылдану үшін жіберілуде», - деді басқарма басшысы.
Оның атап өтуінше, әлеуметтік маңызы бар тауаларлардың бағасы көтерілмеуі тиіс. Бұл ел Президентінің тапсырмасы.
«Сондықтар барлығын алаңдамауға шақырамын. Себебі қажетті қор бар. Біз барлық қоймаларды қарап шықтық, өңірлердің бәрімен елордаға тікелей тауар жіберу жөнінде уағдаластық. Азық-түлік тауарларының қалаға кіргізілуіне еш кедергі болмайды», - деді Ерлан Бекмырзаев.