27 мам, 2022 сағат 16:37

Нұр-Сұлтанда әйел мен баланың үстіне баннер құлады



Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жасалған металл баннер әйел мен қыздың үстіне құлады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға 26 мамыр күні "Қазақ елі" монументі мен Пирамиданың арасында болған. Кешкі уақытта шаң аралас дауыл көтеріліп, металл конструкциясын ұшырып әкеткен. Баннер екі адамды басып қалды.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, жедел жәрдем оқиға орнына үш минуттың ішінде барған.

"Бір әйел және кәмелет жасқа толмаған қыз зардап шекті. Оларды сан алуан дене жарақатымен қалалық стационарларға жеткізген. Екеуі де толығымен тексерістен өтті. Қабылдау бөлімінде барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді", - дейді басқарма мамандары.

Жарақат алған әйелді ауруханаға жатқызды. Қазіргі кезде ол қажетті ем-дом алып жатыр, жағдайы тұрақты. Ал жасөспірім үйге жіберілді.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті тергеу шараларының басталғанын хабарлады. Сол күні аудандық полиция бөліміне хабарласқан адам оқиғаның мән-жайын айтып берген. Баннер Бейбітшілік және келісім сарайының алдында тұрған. Қатты желдің әсерінен металл конструкция оңға қарай жылжып, 34 жастағы әйел мен 12 жастағы қыздың үстіне құлаған.

Қазіргі кезде осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы ("Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызмет көрсету") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

Айта кетері, осы бапта 160 айлық есептiк көрсеткiшке (490 080 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту көзделген. 160 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, я болмаса, 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазасы да қарастырылған. Кінәлі адамды белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыруы мүмкін.