Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова үй карантинінде жатқан тұрғындар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус инфекциясы бойынша №9 қалалық емханада Нұр-Сұлтан қаласының медициналық ұйымдарының 24 қызметкерінен мобильді топ құрылды. Олар коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз деп танылған елдерден (1б, 2, 3 санаттар) келіп, үй карантиніне жатқызылған тұрғындарға күн сайын хабарласады», - деді басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен онлайн брифингіде.
2020 жылдың 20 ақпанынан бастап, 14 408 адам үй карантинінде жатты. Олар әр 14 күн сайын бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, карантиннен шығарылып отырған.
Қазіргі уақытта үй карантинінде 213 адам жатыр.
Бұған дейін басқарма басшысы Нұр-Сұлтанда корнавирус жұқтырғандардың басым бөлігі 30-49 жас аралығында екенін мәлімдеген еді.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тіркелген барлық 25 жағдай бойынша жақын байланыста болған 244 адам Нұр-Сұлтан мен өзге өңірлердегі ауруханаларға жатқызылды.
Сонымен бірге, алдағы екі аптада елорда тұрғындарына коронавирус инфекциясына қатысты экспресс тестілеу жүргізіледі.
Еске сала кетсек, Қазақстанда қазір коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 49 адамға жетті. Алматыда – 22 адам, Қарағанды қаласында - 2 адам, Нұр-Сұлтанда - 25 адам тіркелген.