17 қыр, 2022 сағат 19:53

Нұр-Сұлтан қаласының атауы "Астана" болып өзгерді

© Sputnik / Владислав Воднев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының елордасы - Нұр-Сұлтан қаласының атауын Қазақстан Республикасының елордасы - Астана қаласы деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының елордасы - Нұр-Сұлтан қаласының атауы Қазақстан Республикасының  елордасы - Астана қаласы деп өзгертілсін.

2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген Жарлықта. 

Бұған дейін Сенат пен Мәжіліс депутаттары елорда атауын өзгертуді қолдап, дауыс берген болатын. Елорда атауын Астана деп өзгерту "Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілген. Елорда мәслихатында қоғамдық тыңдаулар өтіп, онда депутаттар бұл бастаманы бірауыздан қолдады.

Еске салайық, қыркүйектің басында "Жаңа Қазақстан" депутаттары елорданың бұрынғы атауын қайтаруды ұсынған еді.

Бастамаға тоқталған премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бұл идея қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқанын айтты. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев болса, бұл ұсыныста "ешқандай саяси астар жоқ" екенін айтты.