19 нау, 2020 сағат 11:10

Нұр-Сұлтан қаласындағы қонақ үй карантинтік нысанға айналады

Елорданың "Рамада плаза" қонақ үйін қайта жабдықтап, коронавирус бойынша карантиндік нысан ретінде пайдаланады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, қазіргі кезде қонақ үйді қайта жабдықтау жұмыстары басталды. Коронавирус жұқтырғандардың саны артса, олардың барлығын сол жерге карантинге жатқызатын болды.

"Біз қосымша кереуеттер қоямыз. Бүгін әкімдік "Рамада плаза" қонақ үйінде пациенттерге қосымша орындар жасақтау жұмысын бастап кетті. Қазіргі кезде осы нысанды дайындау мақсатында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сол жерде карантиндік режим болады", - деді Мәкен бүгінгі онлайн брифингте.

Әкім орынбасары "С" (коменданттық сағат) енгізілсе, астанада қосымша карантиндік нысандар жабдықталатынын айтты.

"С" жоспары кезінде төтенше жағдай коменданттық сағат режиміне ауыстырылады. Ондай режим вирус кеңінен таралған жағдайда ғана енгізіледі. Әзірше, коменданттық сағатты енгізу жоспары жоқ. Құдай сақтасын, дегенмен оған дайын болуымыз қажет", - деп атап көрсетті Мәкен.

Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеген соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда 37 адам коронавирус жұқтырған. Алматыда - 19, астанада -18.