25 қаң, 2022 сағат 13:51

Nur Otan партиясының Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары ауысты


Nur Otan партиясының Қарағанды филиалының басшылығында өзгерістер орын алды. Төрағаның бірінші орынбасары болып белгілі қоғам қайраткері және меценат Бекзат Алтынбеков тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа басшыны филиал төрағасы, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек саяси кеңестің кеңейтілген отырысында таныстырды.

«Nur Otan партиясы филиалының саяси кеңесінің, сондай-ақ Орталық аппараттың шешімімен Бекзат Алтынбеков облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды», - деді Жеңіс Қасымбек.

Осы қызметті тоғыз жыл бойы атқарған Қадиша Оспанова облыстық мәслихатқа жұмысқа ауысты.

Ол әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы болып сайланды.

Жеңіс Қасымбек Қадиша Оспановаға атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа салада табыс тіледі.

Бекзат Алтынбеков 1973 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын БАҚ-та бастаған, «Арқа еңбеккері» газетінің тілшісі, Ақтоғай аудандық радиостанцияның тележүргізушісі болған. Содан кейін көп жылдар бойы білім беру саласында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 

Екі рет Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Қазір Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.

Тарих ғылымдарының кандидаты. Білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының лауреаты.

2007 жылдың маусым айынан бері Nur Otan партиясының қатарында.