«Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің жаңа құрамына кімдер кіргені белгілі болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Nur Otan» партиясының съезінде партияның саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу мәселесі қаралғаны хабарланды. Оған партия мүшелерінің санына сәйкес барлық облыс өкілдері кірген.
«389 делегаттың 389-ы Саяси кеңес құрамының өзгерістеріне дауыс берді. Оған партия мүшелерінің санына пропорционалды түрде барлық өңірдің өкілдері енді. Жалпы, партияның жоғары өкілді органы 55%-ке жаңарды.
Әйелдер өкілдігі 33,7 пайызға өсті. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 6 есе өсіп, 13 пайызға жетті. Орташа жас 4 жылға қысқарып, 47 жасты құрады. Мемлекеттік қызметшілер саны үштен бір есеге қысқарды.
Саяси кеңес құрамында азаматтық сектордың өкілдігі айтарлықтай артты. Білім беру саласының өкілдері екі есе өсті (10 пайыз). ҮЕҰ мен БАҚ үлесі екі еседен астам өсіп, 15,2 пайыз ұлғайды», - деп жазылған партия хабарламасында.
Айта кетейік, Саяси кеңестің алдыңғы тізімінде 100 адам болған, жаңа тізімге енбегендер қатарында – Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, бұрынғы Премьер-Министр Асқар Мамин, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бар.
Ал жаңа мүшелер қатарында – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Президент әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошанов бар.