18 нау, 2021 сағат 09:50

Норвегияда жерленген қазақстандық жауынгерлердің жаңартылған тізімі жарияланды

Қазақстанның Ослодағы Елшілігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оккупацияда болған Норвегияда тұтқында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің жаңартылған тізімін (2021 жылғы наурыздағы жағдай бойынша) жариялады.

Мәлім етілгендей, соңғы айларда 12 қазақстандық сарбаздың аты-жөні мен жерленген жері анықталды. Есімдері белгілі қазақстандық солдаттардың жалпы саны – 56 адам.

«Тізімде сарбаздың туған жылы мен мекені, әскерге шақыру, қызмет ету, тұтқындалуы, қайтыс болуы және жерленген жері, туыстары туралы мәліметтер, сондай-ақ қолда бар құжаттарға сілтемелер берілген. 

Тізім «Фальстад орталығы» (Норвегия), Қазақстан аумағынан шақырылып Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен әскери қызметшілер туралы «Мемориал» деректер банкі, сондай-ақ Ресейлік «Мемориал» жиынтық деректер банкі сияқты бірнеше дерек көздерінен алынған ақпаратты салыстыру арқылы жасалды», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

«Фальстад орталығы» ұсынған ақпарат солдаттың жерленген орны туралы нақты мәліметтерімен құнды. 

Ресейлік «Мемориалда» әскери тұтқындардың картотекасы бар, ал қазақстандық «Мемориалдың» мәліметтерінде Қазақстан жауынгерінің туған жері мен әскерге шақырылуы туралы толық ақпарат қамтылған. 

«Қаза тапқан сарбаздардың дені бір немесе екі ғана мәліметтер базасында көрсетілгені іздеуді қиындатады. Көптеген жағдайда солдат есімі мен географиялық атаулардың бұрмаланып жазылуы проблемасы да бар», - деді сыртқысаясат ведомствосынан. 

Елшілік Норвегияда жерленген қазақстандық сарбаздардың барынша толық тізімін жасау мақсатында норвегиялық «Фальстад орталығымен» өзара әрекеттесуді жалғастырмақ. 

Бүгінгі күнге дейін Норвегияда жерленген бұрынғы КСРО әскерилерінің шамамен 15 500-і туралы белгілі болды, олардың 7 804-нің есімі анықталды.

Сонымен қатар, Елшілік Норвегиядағы қаза тапқан қазақстандықтардың тағдыры туралы жазылған басқа да дереккөздерді зерттеуде. Атап айтқанда, жуырда табылған дереккөз бойынша 1944 жылы 27 маусымда Киркенесті бомбалау кезінде 22 қазақстандық қазаға ұшыраған. 

«2020 жылдың қаңтарында 44 солдаттың алғашқы тізімі жарияланғаннан бері тек бір сарбаздың туысқандары ғана табылды. Елшілік жарияланған ақпарат сарбаздардың ұрпақтарын, туыстары мен жақындарын табуға көмектеседі, зерттеулерді одан әрі жүргізуге және солдаттарды мәңгі есте қалдыруға үлес қосады деп үміттенеді», - деді министрліктен.

Фотосуретте: Норвегияның Тьётта аралындағы Кеңестік әскери зираттағы ескерткіш.