Фото: t.me/KZgovernment
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қандай жағдайда қазақстандықтар атына алаяқтар рәсімдеген несие толық кешірілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Оның айтуынша, алаяқтардан зардап шеккен тұрғындар Ішкі істер министрлігіне жиі жүгінеді. Қолда бар өкілеттіктер шеңберінде ІІМ тергеушілері банк мекемелеріне тиісті ұсынымдар енгізеді, соның негізінде азаматтарға мұндай кредиттер бойынша төлемдер мен есептеулер уақытша тоқтатылады, бірақ бұл уақытша шара ғана.
«Ұлттық банк бекіткен «Электронды тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларының» 15-тармағына сәйкес, кредиттерді толық есептен шығаруға үшінші тұлғалар тарапынан рұқсат етілмеген іс-әрекеттер, яғни клиентке кредитті рәсімдеу кезінде оның қатысуынсыз жүйені бұзу болса ғана жол беріледі. Интернеттегі алаяқтық туралы қылмыстық істерді тергеу кезінде бізде мұндай фактілер анықталған жоқ. Барлық қылмыстарға жәбірленушілердің сенгіштігі себеп болған», - деді Игорь Лепеха Парламент тыңдауында.
Полицей атап өткендей, Ұлттық банк тамыз айында енгізген азаматтардың несие алудан ерікті түрде бас тарту қызметі мұндай жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Сонымен бірге Лепеха халықты шамадан тыс несиелендіруге жол бермеу үшін басқа шектеулерді қабылдау қажеттігін айтты.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржы сауаттылығын арттыру» тақырыбында Парламент тыңдауы өтті.