17 қаң, 2023 сағат 11:14

Непалдағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі Қазақстанда тұрғаны анықталды

Фото: kp.ru

Непалда ондаған адамның өмірін қиған ұшақ апатында Қазақстанда тұрған әйел көз жұмды. Ол жүкті болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Комсомольская правда" газетінің мәліметінше, 33 жастағы Ресей азаматы Елена Бандуро тревел-блогер және SMM маманы болған.

Бандуро соңғы бірнеше ай Қазақстанда тұрып, қашықтан жұмыс істеген. Кейде жұмыс бабымен шет елдерге шыққан.

Апатқа дейін Бандуро туыстарына өзінің жүктілігі туралы айтыпты. Елена Непалға жұбайы Максимге бара жатқан. Ал ұшаққа отырмай тұрып әлеуметтік желіде соңғы суретін жариялаған.

Yeti Airlines әуекомпаниясының ATR 72 жолаушылар ұшағы жексенбі таңертең құлады. Лайнер Катмандудан Покхара қаласына ұшып бара жатқан. Алайда қонар сәтте өрт шығып, өзен маңына құлаған.