АҚШ Конгрессі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің ұшағы 2 тамыз кешкісін Тайбэй қаласындағы Суншань әуежайына қонды. Пэлоси мінген ұшақ қонардан бұрын Қытай басылымдары Су-35 әскери ұшағы Тайвань аралын маңайлағанын жазды.
Тайбэйлік "Саньли" телеарнасы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Пэлоси бастаған делегация Тайбэйдегі Grand Hyatt қонақ үйінен 48 номер брондағанын хабарлады.
Пелоси Тайваньға сапарын 3 тамыз кешке аяқтайды деп жоспарланған. Ол отельде баспасөз мәслихатын өткізіп, Тайвань әкімшілігінің басшысы Цай Инвэньмен кездесуі тиіс.
Саясаткер 31 шілдеде Азияға тур бастаған. Ол сапары барысында Малайзия, Сингапур, Жапония, Оңтүстік Кореяға барды. Сондай-ақ Ақ үйдің қарсылығына қарамастан, Тайваньға баруы мүмкін деп айтылған еді.
Пекин Пэлосидің Тайваньға барғанына қарсы шыққан. Қытай Тайвань аралын өзінің территориясы санайды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин АҚШ "отпен ойнамауы керек" деп ескертті. Ал 2 тамызда Қытай Тайваньға жақын Фуцзянь провинциясында әскери жаттығу бастады.