27 там, 2020 сағат 11:48

Не себепті коронавируспен ауырған медқызметкерлердің бәрі өтемақы алмайды – министрлік

Antikor.Live бағдарламасында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов не себепті коронавируспен ауырған медицина қызметкерлерінің бәрі өтемақы алмайтыны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің айтуынша, коронавируспен ауырған 800-ден астам дәрігер мен медициналық қызметкер 2 миллион теңге көлемінде өтемақы алған. Коронавирус салдарынан қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына 10 миллион теңге төленген үш жағдай болды.

«Өтемақы алу туралы өтініштер өте көп. Басты мәселе – денсаулық сақтау басқармасы деңгейіндегі комиссия электронды жүйеге өтініш берген кезде банктік деректемелерді қате көрсетеді. Еңбек министрлігінің жүйесі деректеменің дұрыс-бұрыстығын, банктік есепшотты тексеріп, бір сан жетпей тұрса немесе деректеме дұрыс болмаған жағдайда өтінішті кері қайтарады. Деректеме дұрыс болмаса ақша қайда түседі?», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Ол өтемақы берілмеудің тағы бір себебі – диагноздың қате қойылуы екенін айтты.

«Олар өздерінің COVID-19-бен ауырғанын көрсетеді, ал денсаулық сақтау министрлігінің жүйесі ол коронавируспен ауырмағандығын көрсетеді. Тексеру кезінде анықталып, өтініш қайта қарау үшін қайтарылады. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып бұл жұмысты бастаған алғашқы күндері көптеген мәселе туындады. Олар мұны қалай тексеру керектігін білмей, тренингтер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта бұл жұмыс әлдеқайда сапалы жасалуда, өтініш берушілер саны да артып келеді. Бұл жағдайды күнделікті бақылап отырмыз», - дейді ол.

Вице-министр осы мәселеге қатысты жемқорлық тәуекелі болуы мүмкін бе екені туралы жауап берді.

«Бұл жағдайда сыбайлас жемқорлықтың бар-жоғын анықтау қиын. Менің ойымша, комиссия немесе сол деңгейде шешім қабылдайтын адамдар ... мұны адамдар тарапынан кеткен қателіктер деп түсіндіруге болады. Олар техникалық тұрғыда қателесіп кетуі мүмкін. Біз коронавируспен ауырған медициналық қызметкерлер көп екенін және олардың барлығына мемлекет белгілеген тиісті қаржылай көмек қажет екенін түсінеміз. Біз бұл жұмысты өзінің логикалық қорытындысына жеткіземіз», - дейді Ербол Оспанов.