Экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың тыныс-тіршілігіне қатысты тың дерек жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкібайдың сөзінше, Назарбаев Түркияда демалып келген. Шет мемлекетте ол өзінің жақындарымен бірге болған және бөтен ешкіммен кездесу өткізбеген.
«Нұрсұлтан Назарбаев Түркиядағы еңбек демалысынан кейін елге оралды. Демалысын ол жақын туыстарымен бірге өткізді. Анонимді дереккөздер тұңғыш президенттің шетелдік ресми тұлғалармен және бизнес өкілдерімен кездескені жайлы ақпарат таратуда, бұл шындыққа жанаспайды», - деп жазды ол өзінің Twitter-парақшасында.
Айта кетсек, 6 шілде күні Нұрсұлтан Назарбаев 82 жасқа толды. Отандық БАҚ өкілдері оның туған күнін Түркияда атап өткенін хабарлаған.