Фото: instagram.com/aliya_nazarbayeva_official
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Әлия Назарбаеваның компаниясына қатысты сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналистер Нысанбаевтан Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанада қоқыс шығарумен айналыса ма деп сұрады. Министр: "Жоқ, айналыспайды", деп қысқа қайырды.
"Сіз Әлия Назарбаеваның компаниясы қоқыс шығарумен айналыспайды дедіңіз. Бірақ мемлекеттік сатып алулар сайтына кірсеңіз, 2023 жылы қол қойылған ондаған келісім-шарттарды көресіз. Яғни Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанада қоқыс шығаруды жалғастырып жатыр. Бұл қалай болғаны?" - деп сұрады журналист Үкімет брифингінде.
"Менің қолымдағы ақпаратқа сәйкес, бүгінде Әлия Назарбаеваның компаниясы қоқыс шығарумен айналыспайды. Егер ақпарат болса, оны сізбен (журналистпен – еск.) бөлек талқылауға дайынмын. Сіз айтқан жаңа жағдайларды ескере отырып, мен не және қалай екенін тағы бір рет қараймын, жарай ма?", - деп жауап берді Нысанбаев.
Видео: Tengrinews.kz
Айта кетейік, мемлекеттік сатып алу сайтында Сlean City NC компаниясымен қоқыс шығару туралы ондаған шарт жарияланған.
Kompra.kz сайтында ақылы жазылым арқылы Slean City NC ЖШС құрылтайшысы Green Future Management Ltd жеке компаниясы болып табылатынын көруге болады. Оның құрылтайшысы - Әлия Назарбаева.