Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева төтенше жағдай кезінде Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті қолдау бойынша тапсырмаларынң бәрін нақты әрі тиімді түрде жүзеге асыру маңызды екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өкінішке қарай сол міндеттердің жергілікті жерде орындалуы – өте көп сұрақты туындатып жатыр. Қазір сондай жағдайлар мен бюрократиялық формализм бәрінің аузында жүр. Олардың бәрі өз бағасын ала жатар. Әсіресе цифрландыруға ерекше тоқтала кеткім келеді. Нағыз сын кезінде мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен электронды қызметтерде проблемалар қордаланып тұрғаны көрінді. Бұл дегеніңіз дағдарыс бетін ашып тастаған проблемаларды ескере отырып «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шұғыл түрде қайта қарауды талап ететінін білдіреді», - деді Дариға Назарбаева онлайн режімдегі Сенат отырысында.
Сенат төрағасы бұл мәселені депутаттар бірнеше мәрте көтергенін, бюрократияның цифрландыру ісіне мүдделі еместігін айтқанын еске салды.