02 қыр, 2022 сағат 16:28

Назарбаев күзде өтетін Президент сайлауына қатыса ала ма – вице-министр жауабы

© Sputnik / Владислав Воднев

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс Президент сайлауына қатыса алмайды. Бұл туралы вице-министр Алма Мұқанова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Конституцияның қазіргі нормасына сәйкес, Президент қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Бірақ Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлауға түсуге ешқандай шектеу қойылмаған болатын. Алайда осы жазда өткен референдумның нәтижесі бойынша Назарбаев мұндай құқықтан айырылды.

"Республикалық референдумда қабылданған түзетулерге сәйкес, Конституциядан "президенттікке қатарынан екі реттен артық сайлануға болмайды деген талап Тұңғыш Президентке қатысты қолданылмайды деген норма алынып тасталды", - деп түсіндірді Мұқанова Мәжіліс кулуарында.

Яғни Назарбаев биыл күзге жоспарланған кезектен тыс Президент сайлауына қатыса алмайды.

Еске салсақ, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жариялады. Президент саяси додаға қатысуға дайын.

Сонымен қатар Тоқаев Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді, яғни қайта сайлануға тыйым салынуды ұсынды.