18 қаң, 2022 сағат 18:02

Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жасады - видео


Қазақстан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

"Құрметті отандастар! Ардақты ағайын! 2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды. Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті. Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ. Мемлекет басшысын қолдау - баршамыздың азаматтық борышымыз", - деді Елбасы. 

Назарбаев енді осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеу керегін айтты.

"Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас", - деді Назарбаев.

Елбасы қазір зейнетте және елордада демалыста екенін айтты. 

"Менің атыма түсіп жатқан көптеген хаттар мен БАҚ-та жарияланған хабарламаларға байланысты жауап бере отырып, мынаны мәлімдеймін: Мен 2019 жылы Президент өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым. Содан бері зейнеткермін. Қазіргі таңда Қазақстан астанасында құрметті демалысымдамын және ешқайда кеткен жоқпын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толық билікке ие. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы. Жақын арада Президент «Nur Otan» партиясының төрағасы болып сайланады. Сондықтан элитаның ішінде ешқандай жанжал немесе қарама-қайшылық жоқ. Бұл төңіректегі қауесеттер мүлдем негізсіз", - деді Назарбаев.