19 нау, 2021 сағат 12:55

Наурыз мейрамы: Қазақстандықтарға үндеу жасалды

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарды Наурыз мейрамын үйде тойлауға үндеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары ретінде алдағы мерекелік демалыс күндерін отбасылық ортада ғана өткізуге кеңес береміз. Барыс-келісті азайтып, бұқаралық шараларға бармауға және ұйымдастырмауға, адамдар көп жиналған орындарға бас сұқпауға кеңес береміз», - делінген хабарламада. 

Комитет өкілдері Ұлыс күніне арналған концерттер мен қойылымдарды, көрмелер мен айтыс сайыстарын онлайн форматта өткізген дұрыс деп отыр. 

«Қазақстанның мемлекеттік бас санитар дәрігерінің Қаулысы бойынша өкізуге рұқсат етілген шаралар барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, адамдардың шоғырлануына жол бермейтіндей етіп ұйымдастырылуы керек», - дейді мамандар. 

Комитет мамандары шараларды өткізу мүмкіндігі жергілікті өңірдің қай аймаққа жатқызылғанына байланысты екенін еске салады. Яғни, «қызыл аймақтағы» өңірлерде кез келген шара өткізуге тыйым салынған. «Сары аймақтарда» шара өтетін орын 20%, «жасыл аймақтарда» 30% ғана толуы керек.

«Күрес, аударыспақ сияқты адамдарды бір-бірімен жанастыратын спорттық шаралар өткізуге болмайтынын еске саламыз. Уланудың алдын алу үшін қоғамдық шара өткен жерде ас әзірлеп, ішуге де тыйым салынған. Құрметті қазақстандықтар! Осы бір шуақты мерекені ет жақындарыңызбен бірге үйде өткізіп, өздеріңізді сақтаңыздар» - дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі.