10 нау, 2020 сағат 08:31

Наурыз айында мұнай бағасына қатысты оңтайлы өзгерістер болуы мүмкін - Олжас Төлеуов

Наурыз айында мұнайдың әлемдік бағасына қатысты оңтайлы өзгерістер болып қалады.

Бұл жайында «Хабар-24» телеарнасының «Рақым Ошақбаевпен дөңгелек үстел» бағдарламасына сұхбат берген экономист Олжас Төлеуов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бағдарлама барысында Р. Ошақбаев сарапшылардан мұнай бағасының құлдырауы қаншалықты ұзақ болатынын сұрады.

Өз кезегінде экономист Олжас Төлеуов дәл қазіргі уақытта біршама айқындалмаған жағдайлар бар екенін айтты.

«Мәлімде (мұнайға қатысты) жасалғаннан бері аз уақыт өтті. Қазіргі уақытта Ресей тарапынан қандай да бір іс-қимылдарды күтіп отырмын. Өйткені бүгінде туындаған жағдай оларға тиімді емес екені анық. Атап айтқанда, РФ тарапы Сауд Арабиясы осындай үлкен тәукелге барып, осындай «баға соғысын» жүргізетінін күтпеген сияқты. Ресей және Сауд Арабиясы уәде беріп отырған барлық іс-қимылдар жүзеге асырылған жағдайдың өзінде, бұл қадамдар тек 1 сәуірден бастап атқарылатынын түсіну керек. Алдағы үш аптаның барысында ахуалды түзетуге тиісті уақыт бар деп ойлаймын», - деді сарапшы.

Оның сөзіне қарағанда, 18 наурызда «ОПЕК+» техникалық комитетінің отырысы өтеді, ал 1 сәуірге дейін ұйым аясындағы шарт ресми күшінде болады.

«Менің ойымша, осы отырыс аясында аталған мәселелер көтеріледі. Сәйкесінше, ақылға қонымды шешім болады деп үміттенемін», - деді О. Төлеуов.

Еске сала кетейік, ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық банкі мұнайдың әлемдік нарықтағы жағдайына және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шараларға байланысты бірлескен мәлімдеме жасады.

«ОПЕК+ мұнайдың негізгі экспорттаушы елдері арасындағы мұнай өндіруді шектеу жөніндегі келіспеушіліктер мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай төмендеуіне алып келді. Бүгін, 2020 жылғы 9 наурызда Brent маркалы мұнай әлемдік нарықтарда 30% астамға төмендеп, барреліне 31-33 доллар көлемінде саудалануда. Осы жағдайға байланысты Үкімет пен Ұлттық банк жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың басымдықтары макроэкономикалық тұрақтылықты және салық-бюджет саясатының тиімділігін қамтамасыз ету, инфляциялық процестерді басқару және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау болып қалатынын мәлімдейді», - делінген таратылған хабарламада.