14 нау, 2021 сағат 20:02

Науқас әкесін жедел жәрдемге дейін шанамен сүйреген балақай жұрттың жүрегін елжіретті

Желіде ауырған әкесін жол бойындағы жедел жәрдемге жеткізу үшін шанаға салып сүйреген балақайдың суреті тарап кетті. Аталған фотоны белгілі журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Facebook-тағы парақшасында жариялаған, деп жазады "Ұлт ақпарат". 

Журналистің жазбасына сүйенсек, бұл жағдай Арқалық маңындағы Олимпийская ауылында болған.

"Арқалық маңындағы күртік қар күрелмегендіктен, жедел жәрдем науқасқа жете алмайды. Олимпийская елді мекенінен науқасты тас жолға дейін шанамен сүйреуге көмектескен фельдшерге рахмет. Мына көріністі көріп отырса, әкім қардың астына кіріп кетпей, кабинетінде қалай отыр екен?", - деп жазады Гүлмира Абықай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Сондай-ақ, журналист еліміздің суық өңірлерінде қарда еркін зымырайтын шаналар мен санавиацияны реттемегені үшін денсаулық сақтау министрлігін сынға алды. 

Ал Гүлмира Абықайдың жазбасын көрген желі оқырмандары болса пікірлерін қарша боратты. Олардың басым бөлігі науқас әкесін жедел жәрдемге дейін шанамен сүйреуге көмектескен балаға алғыстарын білдірді.

"Азамат екен", "Батыр бала", "Кішкентай жүрегіңнен айналдым", "Фотобайқау болса таңдаулы орынға ие болатын фотосурет екен", деді олар.