27 там, 2022 сағат 11:47

НАТО Арктикада Ресейге қарсы тұруға дайындалып жатыр


НАТО Арктикадағы әскери нысандарды күшейтуге ниетті. Мұндай қажеттілікті НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Канада премьер-министрі Джастин Трюдомен елдің әскери нысандарына бірлескен сапарының қорытындысы бойынша айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Vesti.ru сайтына сілтеме жасап.

"Ресей зымырандары мен бомбалаушы ұшақтары үшін Солтүстік Америкаға ең қысқа жол Солтүстік полюс арқылы өтеді. Бұл НАТО үшін АҚШ-Канада бірлескен аэроғарыштық қорғаныс жүйесінің ролін маңызды етеді. Альянстың жаңа тұжырымдамасы Ресейдің Қиыр Солтүстіктегі әлеуетін стратегиялық сынақ ретінде анықтайды", - деді Столтенберг.

Ол Ресей жаңа арктикалық қолбасшылық құрып, Арктикада жүздеген әскери нысандар ашқанын еске салды.

"Қытай да өз қатысын кеңейтіп жатыр. Бейжің мен Мәскеу де Арктикадағы практикалық ынтымақтастықты жандандыруға міндеттеме алды. Бұл біздің құндылықтарымыз бен мүдделерімізге қауіп төндіреді. Қазірдің өзінде Атлант мұхитында жаңа НАТО қолбасшылығын құрдық. Одақтастар, соның ішінде Канада да бар", - деді альянстың бас хатшысы.

Столтенберг пен Трюдо қос мақсаттағы жобаларға, соның ішінде аэроғарыштық бақылау жүйелеріне жаңа инвестициялар туралы хабарлады.

Өз кезегінде АҚШ президенті Джо Байден Арктикадағы елші лауазымын құру туралы шешім қабылдаған. Мемлекеттік департамент жаңа лауазымның енгізілгенін 26 тамызда ресми түрде жариялайтыны, содан кейін бұл шешімді Сенат бекітуі керек екені атап өтілді.