02 мам, 2024 сағат 16:50

Су шайған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті бағалағануы қажет — Нартай Сәрсенғалиев

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметінен

Бүгін Парламенттің төменгі палатасында өткен отырыста депутат Нартай Сәрсенғалиев су тасқыны кезінде баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті бағалағануы қажет екенін айтты деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

"Бүгінгі депутаттық сауалым қарғын су қара шаңырағын ағызып әкеткен ағайынның арызы. Қызыл су арнасынан адасып аққанда қыларға амал таппаған адамдар топан судың беті қайтқанда далада қаңғырып қаламыз ба деп қорқып жүр. Алпыс күн тасыған су, алты күнде қайтқанмен қияметін қайтарып әкетпейді деп 2 апта бұрын дәл осы мінберден айтқаным да сол еді. Жерінің 800 шақырымынан Жайық өзені ағып өтетін Батыс Қазақстан облысындағы ағайынның ахуалы қазір арқамды аяздай қарып барады", - дейді Н. Сәрсенғалиев.


Депутат көрсеткен деректері бойынша Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан 1 292 тұрғын үйге зақым келген. Соның 116-сы – Қаратөбе, 243-і – Сырым, 218-і – Бөрлі, 649-ы – Теректі, 43-і – Бәйтерек, 6-уы – Тасқала ауданында, ал 17 үй Орал қаласында орналасқан.

"Су астында қалған үйдің сыз тартатыны, қабырғасы көгеріп көпшілікті күркілдеген жөтелге душар қылатыны сараптамасыз-ақ саналы адам түсінетін дүние", - деп отыр ол. 


Сонымен қатар депутат Батыс Қазақстан облысындағы саяжай мәселесі күрделі екенін айтып өтті. Оның сөзінше Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 14 839 саяжай учаскесін су басқан. Оның 14 466-сы – Орал қаласында, 112-сі – Бәйтерек, 245-і – Бөрлі, 16-сы Теректі аудандарында орналасқан.

"Ол жақта мыңдаған адам тұрады. Саяжай дегенің қазақ үшін демалыс күндерін өткізетін емес, тұрақты тұратын орынға айналғалы қашан. Соның өтемақысына қатысты түсініспестік әлі тоқтамай тұр. Өйткені, ағынды судың астында қалған саяжай иесіне қанша ақша беріледі немесе қашан, қай жерден басқа үй ұсынылады? Бұл деректер әзірге орталықтандырылмаған. Ақпарат жұртқа жедел жетуі шарт. Тасқын су тосыннан келгенде тосып үлгермеген мыңдаған қандас қазір БҚО-да сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Олардың әкімдікке барып жанайқайын жеткізгенін дүйім жұрт көрді. Сондықтан онсызда қарғын судың салдарынан қара шаңырақсыз қалған азаматтардың заңды талаптарын уақытылы орындауымыз қажет. Себебі Мемлекет басшысы айтқандай «салаға жауапты шенділер жауапкершілік алудан қашып жүргенде» ел қақаған қыста қатып қалады", - деп отыр депутат. 


Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында екі ұсыныс-талап қойды:

1. Су астында қалған баспана мен саяжайларды бағалауы тиіс комиссия жұмысын бірізге келтіру керек. Сол үшін әр аймақтағы комиссияның әр үй бойынша қорытындысы, негіздемесі, фото-видео дәлелдемелері нақты бір жерге жинақталуы тиіс.

2. Баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті бағалағануы қажет.