ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавируспен күреске қаражат бөлген меценаттар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Кеше Елбасы шешімімен ҚР Тұңғыш Президенті қоры коронавируспен күреске 200 млн теңге бөлді. Бұл ғибратты біраз адамның жалғастырарына сенімдімін. Бұған дейін BI Group компаниясы дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге 100 млн теңге бөлген еді. Kaspi Bank, Халық банк, Қазақтелеком сынды компаниялар коронавирус инфекциясымен және оның салдарымен күресуге көмектесіп жатыр», - деді министр «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Ведомство басшысы осындай мысалдардың, қуанышқа орай, көп екенін атап өтті.
«Бұл қадамдар біздің көптеген кәсіпкерлеріміздің оқиғаға немқұрайлы қарамайтынын көрсетеді. Бұған дейін тауар бағасын қымбаттатып жіберген алыпсатарлар туралы айтып едім, дәл осындай уақытта нағыз бизнесмен-кәсіпкерлер мен алыпсатарлардың ара-жігі айқын көрінеді», - деді Дәурен Абаев.