Күздегідей жанармай тапшылығы болмау үшін мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу кестесі қатаң сақталуы керек. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізге былтырғы қыркүйек-қазан айларындағыдай тапшылық болдырмауға мүмкіндік беретін бірнеше шараны ұсынып отыр. Солай боларына сенгім келеді. Біріншісі – зауыттарды жөндеу мәселесін түбегейлі шешетін норма. Біз мұнай өңдеуші зауыттарды жөндеу бойынша 5 жылдық жоспардың кестесін әзірледік. Яғни, жылына бір зауыт қана жөндеуден өтуі керек. Тиісінше, үш зауыт бірінен кейін бірі жөнделіп отырады», - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, жанармай тапшылығы сезіле қалса, нарықтың сұранысына жауап беретін жағдайда қосымша қор сақтап отыру керек.
«Қаңтар айынан бастап біз кестеге қол қойдық. Осылайша дизельдің 200 мың тоннаға жуық қорын қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Оның 150 мың тоннасын «ҚазМұнайГаз», 50 мың тоннаны «ҚТЖ» өз мойнына алады. Үшінші маңызды норма – заңнамадағы новелла. Ол мұнай базаларын «датчиктермен» жабдықтауға байланысты. Осы күзде біз елдегі нақты көріністі білмегендіктен қиындыққа тап болдық. Қазір заңнамалық новеллалар әзірленіп жатыр. 2023 жылдың шілдесінен бастап ірі мұнай базаларын «датчиктермен» жабдықталады деп жоспарлап отырмыз. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап ұсақ мұнай базалары да есептеу жүйесімен жабдықталады», - деп түсіндірді Мағзұм Мырзағалиев.