23 қаң, 2023 сағат 14:46

Мьянмада құлдықта болған Қазақстаның екі азаматы елге жеткізілді

Фото: Zakon.kz

Мьянмада құлдықтан босап шыққан Қазақстаның екі азаматы елге жеткізілді. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Жақында еліміздің екі азаматы Қазақстанға жетті. Жұма күні туыстары хабарласып, Мьянмадағы компаниядан қашып шыққандары туралы айтты. Біздің консул дереу Таиландтың шекарасына барып, оларды Мьянмадағы шағын қалашықтың шетінен алып кетті. Осы орайда оларға қауіпсіз жерге жасырынуға нұсқау бердік. Өйткені аталған компания өкілдері оларды іздейтін болса, бұл азаматтарды дереу тауып алатыны анық еді. Жергілікті тұрғындар да осы компанияға көмектесуі мүмкін», - дейді Смадияров.

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары Бангкокке жеткізілгеннен кейін, олардың құжаттары рәсімделген. Көші-қон заңнамасын бұзу деректеріне қатысты айыппұлдары төленді.

«Сонымен қатар, оларға Қатар арқылы әуе көлігімен ұшып келу үшін билет сатып алынып, кейін Алматыға жеткізілді», - деді ресми өкіл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 16 қаңтар Сыртқы істер министрлігі БАҚ өкілдеріне Таиланд пен Мьянма елдерінде құлдыққа тап болғаны туралы хабарлаған қазақстандықтардың жағдайы туралы мәлімет берді.