04 қаз, 2022 сағат 13:56

Мусин ресейліктерге арналған ХҚО-ға барғанына қатысты пікір білдірді


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұған дейін Ресейден көшіп келгендер үшін ашылған арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барған. Министрдің орталықта сөйлеп тұрған видеосын көп адам сынаған болатын. «Мусин ол жерде не істеп жүр? Қазақстандықтар баратын ХҚО-дан күнде көре бермейміз» деп айыптаған. Тілшілер осы сынға байланысты министр не ойлайтынын сұрап көрді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

«Айына кемі бір рет Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барамын. Тексеріс ретінде. Әр баруымды жарияламаймын. Барғанда бәрі дұрыс жұмыс істесе несіне жариялаймын? Ақаулар болып жатса, оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізетінім бар. Ал нақты бұл жерде неге бардым? Неліктен оларға көмектесіп жатырмын деген сұрақтар туындап жатыр», - деді Бағдат Мусин үкімет кулуарында.

Министр ресейліктер үшін арнайы ХҚО-лар не үшін пайда болғанын түсіндірді.

«70 мың адам бізге келіп, қазақстандықтармен бірге Халыққа қызмет көрсету орталықтарына кірген кезде, ол жерде бәрі араласып, бірінші күні быт-шыт болды өздеріңіз білетіндей. Сондықтан олардың кезектерін айқындап, қазақстандықтарға толыққанды әрі сапалы қызмет көрсетілуі үшін әкімдіктермен бірігіп, арнайы ресейліктер тек сол жерде болсын, біздің халықпен араласып, қақтығыспасын дедік. Бұл бір», - деді ол.

Бағдат Мусин ХҚО қызметкерлері фейсбук және басқа да әлеуметтік желілер арқылы әлеуметтік қызметтер бойынша өзіне шағым жазғанын айтты.

«Осы жерде жағдай жоқ деп шағым келтірді. Сол жерге барып, неге сондай күрделі жағдай қалыптасқанын білгім келді. Барсам, екі кезекке тап болдым. Біріншісі – ИИН алушылар, екінші кезекте тағы 2 мың адам тұр. Бұл біздің «ЦОН»-дар үшін нагрузка ғой. 20 қызметкер қабылдауда, 20 қызметкер көмекте отыр. 20 қызметкердің жұмысын реттеп, жеңілдету – менің мақсатым. Сондықтан жеңілдетудің арқасында СМС-хабарлама арқылы беріліп жатыр. Ал 20 қызметкер қайтадан қазақстандықтарға қызмет көрсетіп жатыр», - деді ол.

Министр бірінші ойы «қазақстандықтарға сапалы қызмет көрсету» екенін тағы айтты.

«Екіншіден, шындығы керек, олар біздің жүйеге келген кезде жүйені реттеу керек», - деді ол.